O'zbekiston ERK Demokratik Partiyasi

МҰХАММЕД САЛИХТЫҢ КІТАБЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ЖАРЫҚ КӨРДІ

МҰХАММЕД САЛИХТЫҢ КІТАБЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ЖАРЫҚ КӨРДІ
708 views
17 March 2022 - 1:51
Өзбек ақыны Мұхаммед Салихтың өлеңдері қазақ тілінде жарық көрді. «Вал-Фажр» атты жаңа кітапты аударған – ақын Файзулла Төлтай.
Мұхаммед Салық – 1949 жылы 20 желтоқсанда Өзбекстан Республикасы, Хорезм облысы, Үргеніш ауданында туған. Хорезмнің ақсүйек бектерінен тараған зәузәтті зерек бала 1966 жылы орта мектепті бітіреді. 1968 жылы әскер қатарына алынып, азаматтық борышын өтейді. 1970 жылы, яғни 21 жасында Ташкент Ұлттық университетіне журналистика мамандығы бойынша оқуға түседі. 1977 жылы алғашқы өлең жинағы басылып шығып, жинақ ақынға біршама танымалдылық әкелді. Оның поэзиясының басты ерекшелігі – Батыстың авангардтық, мистикалық, сюреалистік поэзиясының Шығыстық суфизммен біте қайнасуында еді. Суфизмдегі негізгі тірегі өзі ұстаз тұтқан Мәулана Руми болатын. Ол поэзия мен эсседен құралған 20 шақты кітаптың авторы. Ақын өзбек тіліне жазушы Франц Кафканың және жиырмасыншы ғасырдағы француз ақындарын аударды. Оның өлеңдері әлемнің көптеген тілдеріне тәржімаланған.
Жаңа кітапппен қауышқан ойлы оқырманды шын жүректен құттықтаймыз!
ЖАҢБЫР
Ағаш қалды саябақтан кете алмай,
Арық қалды суға төтеп бере алмай,
Жалғыз ғана жолаушылар қашты, әне –
Қолшатырмен ұшып кетер адамдай.
Кеткен шақта барлық тірі жан көшіп,
Үйді қорғап көшелерде қалды есік.
Өзін көріп жылтыраған асфальттен,
Суы құрып шаһар қалды жол кешіп.
Көңілі алаң бір үй қалды негізі.
Көрінбеген үйге қарай ер ізі –
Әне, әйнектен әйел жүзіп шығады,
Аквариумнен шыққандай су перісі.
1975 жыл
ӘЙЕЛ
Әйел шықты ауласына үйінің,
күнге қарап тұрды біраз күйініп;
содан кейін үнсіз ғана жіпке асты
жаңа жуған күйеуінің киімін.
Шықты аулаға әйел сұлу мүсінді,
жуғандарын күнге жайып ұсынды –
кенжесінің кіп-кішкентай жейдесі
күн астында желбіреді ту сынды.
Әйел шықты сондай сұлу жүрісі.
Уай, құдай-ай өртеу ме екен күн ісі?!
Қолында бір көйлек қалды әйелдің,
аспады оны, өз көйлегі мұнысы…
1975 жыл
ӘЙЕЛ МЕН ЕРКЕК
Әйел жалғыз, жесір емес алайда.
Еркек жалғыз, бойдақ емес маңайға.
Құлдар да емес бір-біріне тәуелді,
бір-бірінен азат та емес қалайда.
Әйел кірер бөлмесіне кешқұрым,
ер де кірер бұзбай ескі дәстүрін,
пешенеге жазылған соң, амал не –
бұл екеуін қосты тағдыр, қосты мұң.
Еркек жақтан –өшпеген соң алауы –
папиросы пана таппай жанады,
ал жастығы әлсін-әлсін әйелдің
көз жасынан еріп бара жатады…
1977 жыл
КӨПТІ КӨРГЕН ҚАРҒА
«Қарр», «қарр», дейсің қарқылдап қар үстінде,
«қарр», «қарр» дейсің қарқылдап хәл ішінде –
қаймананы қағытып,
қарды қарғап,
қаралауың қиналған жан үшін бе?
Қарқылдаған үніңнен жарадармыз,
қадым жаққа қасқайып қараған құс –
Түркістанда үш жүз жыл өмір кешіп,
үйренгенің бір ғана қара қарғыс.
«Қарр», «қарр» демей, сәтке ойлан шамалылап,
құлақ түріп отыр ғой бар атырап –
жалғыз тарих –өзіңсіз,
қадымнан айт,
қарқылдап аспанда ұшқан қара кітап…
1986 жыл
ТЫНЫШТЫҚ БАР ЕЛІМДЕ СОҒЫСТАН ДА ҚАУІПТІ
Тыныштық бар елімде соғыстан да қауіпті,
және оларда мұң жұқпас денсаулық бар қалыпты.
Жаназалық күлкідей шаттығы бар елімнің,
мастығы бар бейне бір хәліне ұқсас өлімнің.
О, ұлтым-ау, ұйықтаудың үйретші енді өнерін,
көз жұмылмай, отыз жыл ұйықтай алмай келемін.
Маужыраған ұйқыңнан титтей ғана бере гөр,
сол ұйқыға апарар тыныштығыңнан және бер!
Мен де сенің перзентің емес пе едім, ұлтым-ау,
көкірегімнен мұңды алып, шідерлесін бұл бұғау!
Тыныштығыңды сыйлай гөр, мұңды қайтем масыл ғып
күрсінейін содан соң қорлығыңмен ғасырлық.
Айтшы, сені бұл күйге зұлымдық па түсірген
мәңгүрт қылды айырып баһадүрдей күшіңнен.
О, ұлтым-ау, бұл күйің тұр өзіңе неге ұнап?
сені бұлай көргенше өліп кеткім келеді-ақ!
Тыныштық бар елімде соғыстан да қауіпті…
29.09.2017 жыл
1989 – 2019
Дәл отыз жыл бұрын маған бірі кеп
«отыз жылдан кейін де енді мұңы көп
жарымайды Өзбекстан» десе егер,
сенбес едім ақымақтың жыры деп.
«Халқың қазір шыдаса да зорлыққа,
куә болар бұдан өткен сұмдыққа!
Ұлмен қоса немерең де күні ертең
көз жұмады шет елдегі құлдықта»
«Қара халқы Өзбек деген ұлыстың
Ресей кезер, жайын іздеп жұмыстың.
Тіпті өзбек боп туғанына ұялып,
«сіз» деп сөйлер итіне де орыстың.»
Мұны маған болжаса егер бұрында,
мұны маған сөйлесе егер бұрында,
жұлып алар едім тілін тәуіптің,
мың тоғыз жүз сексен тоғыз жылында!
Енді мұнда қалған дым жоқ бүлінбей.
Біз бұл жайдан өте алмадық сүрінбей.
Заманында жоғалмады зұлымдық,
жұлынбаған сол тәуіптің тіліндей
16.07.2019 жыл
Kөзі: qalamger.kz